(Дәрігерлік кеңеске қосымша кеңес)
Тыныс керек, жігіттер, тыныс керек, –
тыныс алмасаң жүйкең де жіңішкеред.
Бір кезде тай үйретіп,
тазы ерткенді
жігіт шаршап жығылар жұмыс деп ек,
енді мына жұмысты кім істемек?!
Тындырсаң да тыныс жоқ бір істі ерек,
екінші іске кетеді ол кіріспе боп.
Жатқан жоқсың шығысты, кірісті елеп –
жұмыс, жұмыс дегенің дұрыс,
демек,
тыныс керек, жігіттер, тыныс керек,
бүгін көптеу әжімің кешегіден,
кешегіден мойның да жіңішкерек.
«Жұмыс бабы» дегенге, қарай-қарай
ағартыпсың самайды абайламай.
Қайда кетіп барасың емпең қағып, –
мезгіл ем-пең-детеді қалай-қалай!
Тыныс табам дегенің – жай далбаса,
тыныс алғың келсе шын – майдан жаса:
буыныңды өлтіред сарысу буып,
басың шіріп кетеді – ойланбаса.
Тыныс алар уақыт көп болған-ды аса,
ол кез – өтті,
басқаша жол қалмаса:
бейнет ізде беліңді бекем буып,
қиыншылық жоқ болса – қолдан жаса.
Тұтап жатса жоқ жерден пікір шығып,
сонда ғана ажарлы бұ тіршілік.
Аруана-еңбек баурынан сүт ыршыды –
шүкіршілік, достарым, шүкіршілік!
1983