Кеше ғана бала-ды, балапан-ды,
бүгін, міне, сол шыбық тал атанды.
Ет жүректің лүпілін жылу еткем,
жел жағына тосқам-ды алақанды.
Бүртігінің ілкі бір дір еткенін
үміт көргем,
уәйім ғып жүдеп те едім –
шыбық емес,
маң-дала, жел өтіне
май шам жаққан кісідей үбектедім.
Талым, міне: түскендей бу-бұлауға,
мөлт-мөлт етіп тамшысы басында асыл,
жапырағы жалбырап жасыл жасыл,
жел үп етсе – дайын тұр сыбдырауға!
Тірлік заңы:
жас тамыр, тың күш дарып,
тал ұзарып барады, мен қысқарып.
Пышақ, балта – жаудан да жарамсақтан –
тағдыр, менің талымды аман сақта!
Тал биік пе,
талап кем, денем шақ па –
көп шындықты танытты өмір көктем...
Сенің де ұлым, төбеңе қолым жетпеді,
тұлымыңнан сипайын деген шақта.

1983