Қайда барсаң – Қорқыттың көрі.
Қанатты сөз
Аңыз – зор ғой,
ал, қаңқу сөз?
Зор бұ да –
Қаңқуларға қарағанда қаңғыған,
қайда барса – көр қазыпты ел алдынан
Қорқыт қартқа тақ мінгізу орнына.
Тақ па саған!
Тағдыр мықтап салды ауыз,
сөйлегені үшін бе әлде білгірсіп:
міне, қырсық,
анда тағы бір қырсық –
топырақ жауыз;
көрдің аузы жалмауыз
неге тойған,
қашан тойған,
жамағат,
топырақта болушы ма ед қанағат!
Жас топырақ – көрдің ерні күп-күрең,
ерні түрік топыраққа да бітті ірең
Қорқыт жақындағанда;
бәрімізге тірлік қымбат, қымбат қой,
әсіресе қымбат ақылды адамға.
Қорқыт қашты, желе берді Желмая,
Қорқыттың да қорыққаны болды аян!
Бүлкіп желсе – молда десті ел жын көрген;
жаңа ғана құтылып ед бір көрден,
тағы бірі үңірейіп жатты алда.
Қашты Қорқыт күн қызарып батқанда,
аңдары үркіп, құсы оянған ақ таңда.
Сорлы Қорқыт!
Ұлы жанды сорлы деп,
Сен бір күндік бақытыңа мақтанба!
Аңыз – зор ғой,
ал қаңқу сөз?
Зор бұ да –
қаңқуларға қарағанда қаңғыған,
қайда барса – көр қазыпты ел алдынан
тақ мінгізу орнына.
Қайда барса – шыға берді қаза алдан,
қабыршылар қары талып сазарған:
«Көрі, десті, бұ қазылған Қорқыттың!» –
қашты Қорқыт,
қашты ма екен ажалдан?
Пәнде байғұс бітіре ме қашып түк,
әйтсе де біз ұзақ өмір туралы
көп үмітті – арман етіп ашыттық.
Бәрі, бәрі баяғы
тіршілікке, жарық күнге ғашықтық.
Бүгінше ептеп соза тұру тірлікті,
ертеңгіге үміт арту бір мықты.
Үміт етсе көзі жанып, іш қайнап –
адам шіркін,
жемін қысқан торғай құсап ұстайды-ақ
тірлік деген жіптің ұшын,
құрығанша күш-қайрат.
Бұталарда отырғанда құс сайрап,
жапырақта шық тұрғанда мөлтілдеп
үміт етпеу – мүмкін бе!
Қарт – ақылды, қыңыр кісі ед содан ба,
ерлігі де жеткілікті кісі еді –
бір көрге кеп түйесінен түседі:
«Жамағат-ау, бұ да менің молам ба?» –
сонсоң қария
шешіп тастап шапанын,
халқы қазған қабіріне жатады.
Бұйырмыс деп атаса жұрт мұны әлі,
мағынасына әлі көңлің тынады:
ажалынан айлап қашқан кәріпті
кіндік қаны тамған жердің топырағы,
тұңғыш ізі қалған жердің топырағы
құшағына алды дейді, жарықтық.
Көрден ешкім құтылмайды
соңғы сағат соққанда
соны айтқаны шығар ескі аңыздың.
Мен – аңызды таңдайыма тамыздым
шындық іздеп шөліркеген шақтарда.
«Көрдің аты көр» – дейді ғой кәрі ұғым –
туған жерде қазылса да бәрібір.
Біз де «қашып» жүрміз әзір көп көрден,
көп жайлардан басымыздан өткерген;
дәрігердің қолтығында-ақ дірілдеп,
жеткен шақта бір індет
түйемізден біз дағы
бір түсерміз түбінде.
Осыны ойлап – тағы да ой көп, көп түрлі –
отыр едім;
көрші жеңгей кеп кірді,
ас үй жаққа қарап бірер жөткірді,
сонсоң: «оттық керек еді» деп күлді.
Сергіп қалдым жеңілейе күрсініп,
жеңешеме шырпы керек бір сынық!
Неткен ғажап, тұрмыс, сенің мұқтажың,
Неткен рахат сенің қамың, тіршілік!
1983