Алқымдаған шағында
көкем байғұс жетпісті,
Ауыл-үйді аралап
құда түсті, көп түсті.
Қыздары бар үйлердің
шайын ішіп,
жеп етін,
Біріне іші жылыса
құда түсіп келетін.
Әзілі бар, түрі бар,
сыйлы қарт ед елге аса –
Кедей еді қорасы,
дастарқаны болмаса.
Құлағына кіретін
самай шашы шатасып,
Қалың еді сақалы,
Қабыл еді батасы.
Ілінетін ауызға
уәдесі мен серті еді.
Кедейлігі – аңыз да,
Кісілігі – ертегі.
«Құдаларын» сыйлайтын
еті болса бір асым.
Шыққан жылы мен онға
он бес болды құдасы.
Кім сыйламас кәріні
Өзі жомарт,
Өзі есті.
Менің жасымнан гөрі
«құда» саны тез өсті.
Тынды дауыл, зіл-зала
Соғыс бітті,
Күн жылы.
Баяу өстім мен ғана,
Уақыт баяу жылжыды.
Киіт жинады бір қауым:
Бөз, күләңкөр, шыпыр-шыт,
«Соғыс бітті,
Оқу да
бітер» деді тықыршып.
Оқу бірақ бітпеді,
Көкем бір күн кіржіңдеп, –
бір «құдаға» мұң шақты:
«Мұғалімі – мылжың» деп.
«Рұқсат бер тіріңде,
Өліп кетсең обал-ды
Жиырма қызға», –
деп достар,
Мені әзілдер боп алды.
Өкпеледім көп досқа,
Көбін күліп өткердім.
Ал, қалыңдық-қыздарды
қарап жүріп жек көрдім.
Бәрі – қайран балалық,
Оқу бітті...
Бәрі өтті...
Шал марқұмның келіні,
Мисыз, бірақ әдепті.
Ғашық болу «жүз қызға»
бір жігітке тым ауыр.
Маған жұққан, Расул,
дертің емес, тұмауың.
Шарап ашытпадық біз,
Қымыз, шұбат ашыттық,
Ақшылырақ сондықтан
біздің елде ғашықтық...
Алқымдаған шағында
көкем марқұм жетпісті,
Ауыл-үйді аралап
құда түсті, көп түсті.
Мақтан етті ол бір ұлын,
Біз не білдік, не білдік:
Жиырма құда, құдағи,
Жиырма қызды келін ғып.
Жалғыздық та – кесірлік,
жарасатын шың-құзға.
Он тоғызын «жесір» ғып,
үйлендім мен бір қызға.
Сүйем бірақ бәріңді
жүрегімді жалын ғып,
Сүйілмеген сұлулар
Алынбаған қалыңдық.
Көңілі үшін көкемнің,
он тоғыз қыз, кеш мені.
Ата – жақсы,
баласы
нашар болса – өстеді...
1983