Әбіш Кекілбаевқа

Жапан түздің желін аңсап жан қызды, ал,
арман, үміт – бізді айдында алғызған.
Біз – флотпыз жекелерден құралған,
желкендерден:
Жалғыз,
жалғыз,
Жалғыздан.
Желкен – жалғыз,
аспан – жалғыз,
сен – жалғыз,
Жалғыз болсақ – туа сала болғанбыз!
Небір тұман,
Небір дауыл, не түнде
Меңіреуліктер мұхитының бетінде
қыр көрсетіп өтейік бұл жалғанға!
Жылт еткендер, ұқсаңдаршы жанғанға!
Желкен бе, деп таңдансын жұрт, жалау ма,
жалау болып алаулашы, алаула!
Естіледі алыс мұхит тынысы,
теңіз иісі келді, міне, танауға.
Ей, тұзды жел, бет, ерінді жалап бақ,
шаңқылдап бақ, шағалалар қанат қақ.
Толқын сынды бауыры сұр жалы аппақ
бұлттар безіп барады, әне, далақтап.
Бұдан өзге көңіл қояр жоқ түк те
Мынау жел мен көбікке ұқсас көптікте,
Көп қолқалар: өзгерші деп, өзгерші,
Өтірік те болса уәде-сөз берші.
Көк теңізде ақтығы емес түсіңнің,
Жалғыздығың – көрінеді көзге ерсі.
Желкен болып жарқылдашы, ағайын,
Шағала боп толқын жалын қағайын;
Сен – арман қу,
Мен – мұңымды шағайын.
Аспан алыс: жұлдызы көп,
жоқ Айы,
алыс жаға – тоғышарлар тоғайы...

1983