– Көрші халсіз жатыр, – деді кәрі әкем, –
Тез, тез барып Қошалақтан дәрі әкел!
...Жаяу барып келуші еді бұрын да ел,
Жаяу ма екем мен, сірә –
балағым бар түрілген.
Құмды оятқан тұяғы емес тұлпардың,
балалар ғой жалаң аяқ жүгірген.
«Құс жолындай» алып ұшып, аттандап,
Кірекештер жолы жатты ақ таңдақ.
«Жете алмайсың!» – деп итерді жел алдан,
«Жетесің!» деп алыс сағым жатты алдап.
Тез, тез, жетіп мақтанбақпын, мақтандық,
«Кеп қалдың!» – деп құбылды.
Сағым-дәме-үміт болып алдауыш –
«Тез, тез! – деді әлгі дауыс – сол дауыс.
Жиырма көрінім
Жиырма бес деп кейбіреу
Жүруші еді Қошалақты,
бір торсық
шалабымды тауысқанда,
айрылғанда барлық дерлік, екпіннен,
алу-далу болып әрең жеттім мен.
Құмда жалғыз қырлап киер шалбарды
«Ақ бас першіл» – Абдош атты шал бар-ды:
– Сәтін берсе, бетін бері қаратар,
тез, тез! – деді ол да маған, – дәрі апар! –
Қолтығымды көрді сонсоң қол тығып,
«Тез, тез!» – деді, торсығымды толтырып.
Дем бастым сәл,
бірер жұттым шалаптан,
Құмын қағып қайта түрдім балақты, ал,
ал, жөнелдім, етек-жеңім далақта, ал –
Қабырғама қанат бітір, жаратқан!
Асыққанның қимылы – пәк және оғаш:
Жаға, шашты, жел, жел, артқа ала қаш!
Шөп-тікенді сезбей қалды табаным,
Тек балтырым тызылдайды жалаңаш.
Жел, қарысып итермей-ақ қой алдан,
Жел, жел, маған екпініңді бұлдама –
Жел-дауылдың екпіні емес, бұл дала
Жүректердің лүпілінен оянған.
Кенет алдан сағым да өшті алдауыш,
алданар да түк қалмады менде енді.
Жүрек жарып шығар сын-ды кеудемді –
тез, тез! деді әлгі дауыс, сол дауыс.
Тез, тез, дедім өзіме-өзім, дәрі әкел!
Ақ сор болып кепкен шақта қара тер,
Ымырт-салқын түскен шақта келіп ем,
Солғын ғана иек қағысып менімен
«Кешіктің ғой, ұлым», – деді кәрі әкем.
Жоқтау үні көтерілді көрші үйден,
Мұздап кетті жағам ыстық тер сіңген,
Су сепкендей болды көңілім ерсінген.
Содан бері...
бір адамның обалын
Мойнымда деп сезінемін мен әлі.
Тез, тез! десем – кеудем лықып толады:
Кеудеде емес,
асыққанның жүрегі
алқымында болады –
алқынамын, алқынамын мен әлі!
Ниетім жоқ қалған жұрттан қара үзбек,
Мен асықсам – мойнымда парыз көп.
Парыз десе атан-түйе тәрізді ек,
Менде ғана қалған сын-ды бар ізгі от:
Әлі, әлі әлдекімге, асығыс
Шығатұғын секілдімін дәрі іздеп,
Өтелмеген бір парызым бары анық:
Табан тесіп,
сирағымды жара ғып,
Әлдекімге мен, әйтеуір,
алқынып
Келе жатқан сықылдымын дәрі алып.
Әйтеуір, бір міндетім бар, міндетім,
айырмаймын, әлде күндіз әлде түн –
тез, тез! Асық, азамат деп жаны ізгі,
Әлі мені күтіп жатқан тәрізді
екі дүние ортасында әлдекім.
Әлденеге мұқтаж болса кімде-кім,
Мен алқындым – мезгілінде еткен құрметім.
Үміт – үстем,
Күдіктерім жетім кіл
Өкініш боп шарпитындай не түрлі
Онсыз да осы менің ыстық бетімді.
О, білемін!
Әлдебіреу халсіз жатыр, білемін,
Қауіптенем, жарылардай жүрегім,
алқынып бір жеткен шақта
Ұлы елім,
Кәрі әкемнің даусына сап өтімді:
«Кешіктің ғой, ұлым!» – дейтін секілді.

1983