Ақ бұлақтың тағы тулап ағысы,
анау қыран кетті шыңнан тағы ұшып.
Сен отырсың тағы маған ұрысып,
мен отырмын бір досыммен тағы ішіп.

Бір сотқардың қас-қабағы тағы ісіп,
бір момынның кетті тағы намысы.
Екі лашын екі бөлек өтті ұшып,
екі қарға қалды тағы табысып.

Көп ғалымнан тағы шықты бір надан, —
тағы менің бір ойымды ұрлап алған.
Тағы тартып бітірдім мен бір күйді,
бір тыңдаушым тағы өкпелеп тұр маған.

Тағы да іздеп ойдың жаңа түр-түрін,
тағы ілінбей отыр менің кірпігім.
Отырғанда осыларды тағы ойлап
өтіп кетті-ау тағы менің бір күнім.

1969, 1982