Ұстаз болсаң, мезгіл мені мақтама, —
шақырылған шәкірттеймін тақтаға:
бір есепті шығара алмай қалармын,
айтқаныммен бір сұрақты жаттаған.
Географ-дос алдыңа кеп тұрмын мен,
оқығанмен тұрмыс деген білгірден,
бір төбеңді таба алмаспын картадан,
бір қалаңнан адасармын, кім білген.

Тәуекел деп келдім саған,
                                     күнде ескі
көп қатеммен бірге тудым, бірге өстім:
бір тауыңның биіктігін білгенмен,
бір көліңнің тереңдігін білмеспін.
Тағы келдім, келдім саған, 
                                     жыр кештің
биігінде аңқаулықпен бірге өстім:
есеріңнің естілігін білгенмен,
естілердің есерлігін білмеспін.

Уақыт, менің жәйім осы,
мерейім:
жазу еді саған басқа не дейін.
Менен түк те сұрамашы,
мен саған
бір әсерлі күйлер шертіп берейін...

1969, 1982