Жасырмайтын сөзім бұл,
айтпасам да мақтана:
бір мінімді өзімнің
қазып аппын шахтадан.

Ырқына еріп сезімнің
арман ойлап, қауып қып,
бір мінімді өзімнің
домбырадан тауыппын.

Адал шыным — анық бұл,
күңгірт шықты дегенмен,
қоймай жазып, алыппын
бір мінімді өлеңнен.

Ой — кенім боп, ой — ән боп,
ойдан бәрі бас апты.
бір мінімді жоям деп,
екіншісін жасаппын.

Мінім көп-ау,
байқайым,
сіңіп қапты бояуы,
қайсыбірін айтайын,
қайсыбірін жояйын...

1969