1

Қарынға сап сары май сақтайсың ғой маған деп,
отырсың ғой күнде сен балам келіп қалар деп.
Машинаға көрінген кеп қалды деп жүгіріп,
көрінгенге үзіліп: балам, балам, балам деп.

«Қырық бір тас» дорбада күнде шешіп, күнде ашып,,
отырсың ба ойдағы «әулиеңмен» ымдасып?
Сүт бетінде қаймақты көрген сайын мені ойлап,...
қырқып алып шетінен шәйға салып бір қасық.

Сол баяғы күтумен, сол баяғы жер үймен,
қажыды ма қолдарың ақ шашыңды өруден.
Қажыды ма көңілің түс көрумен түнімен,
ертесіне сол түсті жақсылыққа жорумен.

Ал, өзім ше?
Көрінген қарасынға тартамын,
сенімі бар көңілде күдік, үрей бар тағы.
бір жымиған жігітті жылынамын дос етіп,
бір шәй берген кемпірді алданамын шеше етіп.

Тірлік солай болып тұр,
жағдай солай, қайтейін,
күту, күту ғұмыр бір, күту екен әйтеуір.
Бір мұңайып алам да хат жазамын мен саған,                                                                                                                                   Содан кейін ұлымның бетінен сүйіп тамсанам.

2

Қалың елді қақ жарып, «беделімді өсіріп»,
бардым талай, қарт ана, қайтайын деп көшіріп,
ермей қалдың сен маған,
көнбей қалдың — қинадың,
жалғыз ұлды қидың да, жалғыз қырды қимадың.
Мен жіберген аз пұлды таңдайыңа түйір ғып,
көсеге ғып отырсың жалғыз қара сиырды.
Астананың самала-шамдарына, баяғы
шым-үйіңнің түтінін ауыстыруға аядың.
Жаулығыңның бір ұшын иығыңа асып ап,
үш шығасың күніне Қызылоба басына,
асықпадың бірақ та біздің төрге, қарт ана,
бір-ақ рет шығуға шөбереңді арқалап.
Сен отырсың баяғы бөстегінде ешкінің,
мен отырам кафеде шампан ұрттап кешқұрым.
Сен, саласың сақсиян-құраныңды оқып ән,
ал, мен қайбір жиында президиумға отырам.
Шеген үйді сен тұрған ойлай-ойлай ми алаң,
сонда өзімнің паркетті пәтерімнен ұялам.
Төрді сайлап едім мен, неменесін іркемін,
отыратын өзің жоқ — үңірейіп тұр төрім.
Әй, қартым-ай, қартым-ай, туған жер деп...
                                                              кетпедің,
туған жерді сен титтей Қызылоба деп пе едің..

1969, 1982