Ақ жаулығы секілденіп қарлы шың,
жүн түтетін мұнар құсап қалғысып,
бармысың сен, айналайын ақ шеше,
опырық тіс тентек әже, бармысың.
Жасағанға арнап жарты қарғысын,
Қайнайтұғын күйік қысып, зар қысып,
бармысың сен, шынашақтай кәрі әже.
Қутыңдаған қызыл әже, бармысың.
Әскер-ұлға арнап бүкіл алғысын,
мұң шертетін ошақ қазып, қан құсып,
бармысың сен, арық шеше жылауық,
жіп иіргіш жадау әже, бармысың.
Жаңа қонған жапалақтай жарға ұшып,
жасыратын «жоқ» пен жауып «барды» шын,
бармысың сен, сараң шеше құдайдай,
май былғағыш момын әже, бармысың.
Бармысындар айналайын шешелер,
өрмегіңді көп үзіп ем, кеше гөр...
Арашашы болыңдаршы өздерің,
аулын жігіт ұмытыпты десе егер.
1969, 1982