Ұрсысып кемпірімен, салып әнін
шал отыр ұстап әзір шаңырағын.
Қыз өссе ойлайды кеп, ойлайды кеп,
бір ұлы кездессе деп шаруаның.
Ұрсысып кемпірімен тағы да бір,
ақ бұлттай сәскедегі аңырады.
Ұл өссе ойлайды кеп, ойлайды кеп,
бір қызын әперсем деп шаруаның.
Ал өзге ой жатады өзі өсіп, үстеп,
өмірде: ширатылыс, есілісте.
Жүргені ұл тумастан қамшы саптап,
келіні түспес бұрын бесік істеп.
Біткесін мақалдардың бәрі айтылып,
аңырып ақ бұлт құсап қарайтыны:
Күткені келе ме деп, келе ме деп,
ұстауға шаңырақты жарайтын ұл.
Содан соң шаруасын құрт бітіріп,
бір сыбап алады да жұртты түріп,
ұрсысып кемпірімен тағы да бір,
шалыңыз кетеді өліп шырт түкіріп...
1969, 1982