Айналаны ызғарымен шарпыған,
суығымен ұрып кетер сұқтансаң –
бұлтқа еліктеп қалыңдар ем,
бұлт болсаң,
нөсерлету керек екен артынан.
Жаһаннамға жалғыз қада-тіреу боп,
айналаға салғырт қарап түнерген,
шыңға еліктеп асқақтар ем,
шың болсаң,
аттап кетпеу керек екен біреулер.
Көк аспанға күркіреп ауар жәй,
бұлт рухын жұтар едім ауамдай.
Қайбір бұлтша түнеріп кеп, түнеріп,
өтем бе деп, қорқамын мен, жауа алмай.
Пірім, достар, талас мейлің, көн мейлің:
шың секілді мен де ешкімге көнбеймін.
Шың секілді асқақтар ем,
бір күні
біреу аттап кетпесіне сенбеймін.
1969, 1982