Төсегімде түні бойы өртенсем,
қайғым жалғыз: кім боласың ертең сен.
Көп жасасам күйігіңді көрем бе,
арманда кетер ме екем ерте өлсем,
кім боласың,
кім боласың ертең сен?!
Тебірен тау, толған теңіз, жер, теңсел, –
суымадым түні бойы өртенсем.
Бүгін менің алақанымда отырсың,
қайда ғана отырасың ертең сен,
кім боласың, кім боласың ертең сен?!
Ұл дегенде ұртым толды, жарығым,
кішірейме, зор үміт пен зор ұғым!
Кім боласың, кім боласың ертең сен,
кабак па, әлде президиум ба орының, –
кішірейме, зор үміт пен зор ұғым!
Сенейінші,
желкесінен бір достың
қараңғыда пышақ ұрып жүрмессің? –
Сенің үшін түндер өттім, жыр кештім,
аталастым, ажырастым, бірлестім,
ағайыннан араша іздеп жүрмессің?!
Тебірен, тау, толған, теңіз, жел, теңсел!
Біле алмадым, сөне алмадым өртенсем.
Күйігіңді тартар ма екем көп жасап,
арманда боп өтер ме екем ерте өлсем,
кім боласың ертең сен?!
1969, 1982