Істей алмай қойдым-ау жұмыс мүлде,
әр сөзді аңдып отырмын қыл үстінде.
Ұшып-ұшып түседі парақтарым,
жымысқы жел жүгіріп тыныш түнде.
Түндер жүзіп барады түн үстінде,
өнбей қойды, өнбеді жұмыс мүлде.
Мен – зергермін асылды құмнан соғар,
керегі жоқ алтынның, күмістің де.
Күңкіл ақыл, кер сөзді аз ұқпаппын,
ақымақтан да ақыл ап – азып қаппын.
Енді ойландым: көп топтан көшіп шығып,
көз көрмеген бір сайға қазық қақтым.
Көшіп кеткен жазудай тақтайдағы,
көшіп кеткен жұртын жұрт мақтай ма әлі?.
Бір сұлумен бейтаныс білісіп қап,
бейтаныс бір белдеуге ат байладым...
1969, 1982