Кім келмеді бұл жерге,
кім кетпеді.
Тозған арқан секілді ірмектеліп.
ұмыт қапты іздері,
Кейбірінің
өзі қапты тарихқа бір бет болып.
Дастарқаны көңіліндей толы ортаға
кінә тақты талайлар,
тағар тағы.
Кір жаулығын әжемнің жамандапты,
қымызына қызып ап Сарыарқаның.
Талайлардың күн сорып бетін қызыл,
бесіктерден алыпты отын бұзып.
Пушкин ғана қия алмай аттаныпты,
Тарас қана терегін отырғызып.
Талай достар елпілдеп келді, білем,
талай қастар еркіндеп енді, білем.
Соның бәрі бабаның ерлігінен,
соның бәрі даланың кеңдігінен.
1967, 1982