Шарасынан жүректің арман асып
кеткен кезде жас төгіп алған асыл.
Көз жас үшін біреуден ұяласың,
біреуге көрсетуге арланасың.
Тар көрініп кең пейіл үй-іші бір,
аз көрініп жарыңның күміс үні,
жаныңменен алғашқы жылағаның,
секілді екен алғашқы сүйісуің.
Тиген шақта тұрмыстың балғасы дөп,
жаншады екен бір сәтте бар қасірет.
Алғаш рет кісіден көңілің қалып,
танисың-ау өзіңді алғаш рет.
Одан әрі?
О, досым, сұрама әрі –
домбыраңның құлағы бұралады:
қайғыра алсаң, ол – сенің жұбанғаның,
жұбанғаның – сезгенің күнәң барын.
1967, 1982