Ей, нұрлы таң, нұрлы таң,
жел үп етсе үркейін деп тұр бұтаң.
Боз сәулеге беті-қолым жуып ап,
көк бұлақтың мөлдірінен бір жұтам.
Жалаңаш таң, жарық таң,
дүниеге жарық болып дарып қал!
Таң жарығы... адымымен жарықтың,
сен де достым, біраз жерге барып қал!
Таң сәулесін елден бұрын көл көрген,
ол да маған бір құмарлық, шөл берген.
Түннен қалған ойларымның іздерін
Таң самалы, жуып кетші кеудемнен!
таң торғайы бұлбұл болып шырқасын,
аскар таулар құлатпасын бір тасын.
О, нұрлы таң, сүйші, сүйші мен болып
жер шарының әр биігін, қырқасын!–
Мен болып сен қарашы бір көкке де,
досқа өкпеле Мен секілді, бірақ, бірақ кектеме.
Тауларын да мен болып бір мақтан ет,
Сайларына мен болып бір өкпеле!
1963, 1982