Бала десе – нан көрген кездерінде
шешен еді шешеміз сөзге мүлде.
Алла атынан алдымен алғыс айтып,
ұстатты әкеп қамшыны жездемізге.

Босап кетіп буынсыз кәрі көңіл,
ойлап көріп жездеміз әрі-бері,
қамшы үшін әкемізден қалған со бір,
қуантты жарты қаптай тары беріп...

Қамшы түгіл әке де сол дүбірде
жоқ боп тынды.
Қорлық қой көндігу де.
Содан соң тек нан кірсе түсімізге,
жездеміз де енетін болды бірге.

Бертін келе шешеміз сөзден гөрі.
түйер болды түсінде сезгендерін:
«Қамшы осады түн сайын, дейді, арқамды,
Сол қамшыдан айрылған кезден бері».

1967, 1982