Сұйық алтын – талып тұрған арай ғой,
Үйдің артын малып тұрған арай ғой,
көргің келсе «Шақшабайдың» келбетін,
күреңітіп күн батарда қарай ғой:
әр тамшы су күміс болып ағады,
әр кесек тас алтын бола қалады.
Жомарт болмас,
Жұмбақ болмас дәл мұндай
Робинзон Крузоның аралы.
Көкжиегі бірте-бірте алыстап;
қарысады қолың сенің тал ұстап.
Ақ қайыңдар көлді кешіп кетеді,
көтеріп ап жасыл-торғын етегін.
Жіңішке бұлт қызарады тілдей боп;
бояушыдан әнтек кеткен міндей боп;
шыңның ұшы – алтын киік аумаған,
әу деп қалсаң – ырғып кететіндей боп.
Байқа, байқа!
Мұнда қара, тұра қал,
Хабаршысы шығар түннің сірә олар
қап-қара боп,
ағаштарды тасалап,
ирелеңдеп келіп қалды жыралар!..
1967, 1982