...Тоқтады ақыр «костюмдер» деген жерге,
жүрген жандай кеудесін өлең кернеп:
бірін өлшеп кең деді,
бірін тар деп,
үшіншісін шығарды төмендеу деп.
Таппады ма шынымен мықты киім,
бірі – жылтыр,
біреуі – түкті бұйым,
нашар екен матасы деді, бірақ
«кең» менен «тар» аузынан шықты жиі.
Әрнені бір көсеу-қол көседі көп,
пұлың болса талғамың да өседі үдеп.
Бірақ маған өзге сыр тіл қатады,
екі түрлі бетіндей бір матаның:
кең деп кейіп іздегенше алас ұра,
кең костюмды алмай ма ағасына, –
үлкен бешпет қымбаттау шығар бәлкім?
Жо-жоқ, ол қарамады бағасына.
Тарды көрсе тарта ма салқын іші,
тар деп неге айтады болса інісі,
«кеңді» ағаға апарса,
«тарды» – ініге,
базаршының емес пе алтын ісі?
Түк болмаса дүкеннің толғаны да,
сай келмесе киюге, қолға алуға,
«кеңді» киер ағасы,
сыймай жатса
шешіп берер іні жоқ болғаны да.
Оңда мұндай ой жоқ деп өршеленбе;
«тарды» алар ем бір іні берсе мен де...
Кіндіктен жалғыз жандар кінәшіл ғой,
бәр-бәрі тек өзімен өлшегеннен.

1967, 1982