Бұл өлкенің көлге айналған шалшығы,
майға айналып кеткен білем балшығы;
кетіскенді келістірер көңлі бар,
бөлінгенге берері бар енші ғып.
Тұрмыс күйлі болған соң да жан асыл,
жеңгейлер жүр үйге киіп жаңасын.
Ит жатпайды сүйек үшін таласып,
тәтті ұсынсаң – ұмтылмайды баласы.
Кейбірі кем, кейі әрине артықтау,
келін дәме етпейді екен сарқыттан.
Шым жібектен шоферлердің көйлегі,
пішеншінің шымылдығы – барқыттан.
Еңбек қызу ал күн ыстық-ашық деп,
жатпайды ешкім бригадирден қашып кеп.
Машиналап есептейді астықты,
арағыңды санайды да жәшіктеп.
Бәрі бар,
тек жоқшылық жоқ, ниетіңе
босағада керінбейді еш «жетімек».
Салынбайды екен құлып шоланға,
ұят бітсе сұғанақтың бетіне...
Асық ойнауды ұмытып ем,
дәл шыным:
иірдім мен талай асықты алшы ғып:
бір хатшыны шофер екен деп қалып,
директормен шатыстырдым малшыны...
1967, 1982