Ауыл барсаң «Волга» мін – үйлеседі,
«Волга» міну қонаққа сый деседі.
Ағып келсең алдыңнан әже шығар
теріс киіп кебісін, кимешегін.
Кісі келді, мезгіл жоқ кідіріске,
асыққанға болады бұрылыс көп –
сүрініп, бірін тастап, бірін істеп,
кетеді үй маңы кіл жүгіріс боп.
Қонақтан жасырған боп «кінәлі ісін»,
келінге інішек келер су алысып.
Қарт кетер теріс қарап пышақ қайрап, –
қалады жымың етіп бұған ішің.
Жолшыға керек, сірә, сый да мұндай,
хақың бар мықтылығыңа илануға,
қақ төрге қисаясың қасиет боп,
сол үйдің мейманы емес, «иманындай»
Жанынан сезіліп бір аңсау бары,
әңгімесі – секілді ән салғаны:
ақсақал қойын әуел сойып алып,
сұрайды ат-жөніңді сонсоң барып...
Бір үйдің өзің енді күтімдісі,
көсем жігіт,
көңілі бүтін кісі
кеуде хош, мықтысың да мықындысың..
Босаған көп шөлмекті көрген кезде
қонақ емес, шапқыншы сықылдысың.
1967, 1982