I
 

Хан түгіл,
баласы да – қызба халық,
бірінің құмары бар жүз балалық.
Беред деп бал-сөзді де тұзға малып,
Қой, достым,
күні бұрын сыздамалық.
Ерттеп ап атын осы бала бір күн,
жөнелді айдалаға алабұртып.
Кемпірлер кемсең қақты,
тұғырында
дір етіп бір сілкінді қара бүркіт.

II
 

Жар салды қаһарлы хан,
жинатты елді;
адамның беріктігін – қинап көрді...
Ақыры кім естіртсе бала өлімін
қорғасын сол көмейге құймақ болды.
Қаралы ел қарамайдай тұнып іштен,
шыдады зор қайғыға ұлы күшпен.
Күш түсті отыз тіс пен тілге мүлде,
болғанда кеткен ұлға жыл кемінде.
Үркуге ел дайын тұрды – қора қойдай,
немесе,
қара ормандай күңіренуге.
Осындай бір күндері,
көлді жасыл
көрді де қарт жолаушы көмді басын.
Содан сон, «ханға!» деді,
үрпиісті ел,
мылтық деп арқалаған домбырасын...
Жолшы бір көк бет екен,
тәмәм бұ да
көп кіріп жалыққан ба хан алдына –
ешкімнен емеурінсіз домбыра алып,
хан мінген тақ жанына қонды барып.
күй кетті.
Қатал еді хан құлағы,
бес саусақ перне теріп қаңғырады.
Дүбірлеп жөнелді бір жортуыл-үн,
Дала ғып көкірегін домбыраның.

Ол әуел сәл жылынып,
тыңдады ұйып,
артынша-ақ бұл үмітті құмға құйып,
аз жібу хан жүрегін
ішек бойлаған
бес саусақ бүрді келіп,–
бүрді ақиық.
Күй айтты:
көз жас,– деді,– су асылы,
болса асыл тозбас деді сірә асығып.
Әйтеуір,
кеңге шыққан толқын құсап,
долы хан жайылды да жуасыды.
Төмендеп кетті кесір кірпігі де,
асаудың ақылы – сап,
ырқы міне
байланды бір пернеге...
Түк болмайды-ау,
аударсақ күйдің тілін жыр тіліне.

III
 

Ағызып бір қыратты бір қыратқа
шаң жуды,
келеді улеп үн құлаққа.
ханзада шапты келіп,
бөрте-төбе
бөріктей дөңгеленіп сырғыды артқа.
Жел байғұс бас-көзге ұрып бір ызғыды-ай,
жырлады қамыс-қоға сыбызғыдай;
жер – дүние шулап,
сарнап жатса-дағы
жалғыз-ақ тіл қатпады нығыз құдай.
Кенеттен...
тұяқ үні...
Мына қара
Шұбырған бұл немене шұбар-ала!
«Әйтеуір аң шығар» деп,
Садақты сақ
қолға алды,
ұшты жебе тарақ құсап.
Ұқсаған ұзын сирақ шынарға тік,
әр жерге екі-үшеуден тыраңдатып,
жас аңшы жыға берді құланды атып.
Қайда ол – бірі түгіл,
жүзін де аяу,
жүзінен жалғыз тамшы үзілді ояу.
Содан соң түкті түстеп көре алмады –
бәрі де болып кетті қызыл бояу.
Құм – қызыл,
ағаш –қызыл –
қызыл бәрі,
қосылып қызыл бояу ызыңдады.
Шоқтай боп жанып тұрды қызыл дүние,
көк,
қара,
ақ пен сұрдың бұзылды әні –
сұр тастар қызыл гауһарға ұсап қалып,
қызыл су ақты бәрін құшаққа алып.
Қөк орман қып-қызыл боп алды тұнып...
ал, енді мына апаттан
ал құтылып!
Құлан да құтылмады!
Бірақ анау
жебеге жалғыз құлан құламады-ау.
Өзі ақсақ,
шапты тағы өрге малтып,
бар түгі шықты кенет төрге қалқып.
Намыспен жаралы аяқ тепті жерді –
Құланға ақсағаннан
өлген артық.

Ханзада бұл майданды тегін ұтып
кетпек ед...
қалды бірақ оғы бітіп.
Осы сәт...
Құландықпен ащы да аршыл,
аңшыға Ақсақ құлан шапты қарсы.

Тарқады қызыл бояу – қып-қызыл нұр,
тартылды қызыл өзен...
бітті, үзілді.
Дүние тапты өз түсін сонда ғана,
бәрібір қасіреттен болмады ада –
қуатты ажал сепкен жан да жаңа
айналды омырылған дарбазаға.
Қабырға қауырсындай шырт-шырт сынып,
орнатты омыртқаны шықшыт қылып.
Жылт етті алтын телпек тұяқ астында,
қызыл су зер-шапаннан шыпшып шығып.

Үн кетті,
үш аяқтап ақсап кетті,
көңілге қарауытқан дақ сап кетті,
тұяқтан ұшқан тастар жасқап бетті,
бір тастың тасасында бас қап кетті...

IV
 

Бұрқырап беті бейне қара түбіт,
Орнынан тұрды сол сәт хан атылып:
«күйіне қу ағаштың жуасысам
хан болып керегі не жаратылып!
Ал жұлып домбыраны қолдан ана,
дұғаңды оқы жылдам, молда бала,
балқытып қорғасынды әкел бері –
бұл кегім:
балам кегі,
Әкем кегі –
тос жылдам көкірегін домбыраның,
ол айтқан сұмдық хабар болды мәлім.
Екінші еш өлімді есіттірмесін –
тіліне қорғасын-мөр қондырамын!»

Қос ішек содан бері...
пернелері
осынау аңызды айтып тербеледі;
қорғасын құйса да,
сол қара шанақ
қалыпты бір ғұмырды арашалап.
Кеппеді екі ішектен күй ылғалы,
әкімнің өнерге өтпей бұйырғаны
қайғыны – хабар етіп жеткізгенге
қорғасын одан былай құйылмады...

1967