Күй десе ірке алмайсың бұ қазақты:
оқылмай намаз қапты, дұға қапты.
Кәрілер күй естілген үйге толып,
Жабықтан келін-кепшік сығалапты.
Жылытып суық көңіл, шашы аппақты,
Көсіліп күйші де бір жасап қапты
Түндегі күйші түскен ат кекілін
таңертең бір қыз тұрып шашақтапты.
Сондықтан күйлер шыққан асып биік,
Жан шіркін ышқынғанда ашып-күйіп,
Қайғыдан аман қапты әдемі қыз
күйшіге он бес жаста қашып тиіп.
Ол да бір тағдыр екен тасып өтпек,
жаныпты өзге оттан ғашық от көп.
Күйшіні күтіп алу – мереке боп,
ал, оны аттандыру – қасірет боп...
1967