Нені айта алсам – сенің кінәң емес қой,
нені айтпасам – менің кінәм емес қой –
сен түсіріп жатқан кезде скрипкаға күйді бір,
батыр Сейтек отыр еді қамауда.
Қонақ үйден орын таңдап сен жүргенде,
үйді бұл
Жау түткілеп, – түсіп еді талауға,
Сенің жарың алтын алқа таққанынша күлдіріп,
Әуес-шешей тезек терді бір қауым.
Сен әлемді таңдантқанда – Құрманғазы «бүлдіріп»,
киіп еді Спартактың бұғауын.
Сен тұрғанда кештіғұрым ақ балконға сүйеніп,
түсіне еніп сары бөз бен кенеп көп
бабам менің бүтін үйге кіре алмады,
түйе жүн
Шекпенінен ұялғаннан емес тек.
Сен отырдың Амадидың - 1 скрипкасын жаратпай,
Махамбет те тумайтұғын ер тіпті, –
домбыра жоқ – қой шетінде отырғанда таң атпай,
көршілердің көсеуін ап шертіпті.
Мұның бәрі сенің бағың емес қой?
Сонда осы... Менің сорым да еместей.
Сені бүкіл Европаның «Әулиесі» мақтаса,
Ұлы Абайды өсектеді тобықты.
Жақсымызды бетімізге күйе қылып жақпасақ,
бізде-дағы талай мықты болыпты.

1 Амади – әйгілі скрипка жасаушы, шебер.

1967