Аударып тастадым календарь бір бетін,
көйлегім тастадым көне бір.
Өлімді жек көрсе кімде-кім,
атқарған болады адамдық міндетін.
Көңілден, дүние, көңілден,
мына біз шаттығың маздаған...
Не рақат көрсем де өмірден,
бәрі де әлі де аз маған!
Сол күндер әлемге көп мінез тастады,
әлсіздік жаутаңдап күштіге,
Мұңая төніпті Европа аспаны
әкемнің өлігі үстіне.
Көмейде кетті өліп есіл үн,
бәріне бір түйір қорғасын кесті құн.
Мен кейін сол әке есімін
шешемнен естідім.
Сондықтан әкенің есімі
мен үшін бір тұнық – қозғама...
құлақта – үн ғана,
қағазда – сөз ғана.
1963, 1982