Жұлдыздар тұр суық күліп,
Суық, жылтыр жанарымен.
Дүние тұр бұйықтырып
Қарауытқан қабағымен.

Жас жапырақ қалады үркіп…
бірі үзіліп түсті шеткі.
Түнгі дала алабұртып
Өз-өзінен ыс-пыс етті.

Қимыл кірді бар алапқа,
көз үйренді әрең бұған.
Қөлеңкелер – қара қатпа
жүгіреді қараң-құраң.

Содан кейін... тынды тағы –
Көлеңкелер қалды қатып.
Қозғалды тек бір бұта, әне,
Жапырағын сылдыратып.

Тек сол қайың изеп басын,
түсінгендей түн сырына –
Түрмелердің бір қақпасын
ашып кетті күйші мына.
Тағы тыныш, тағы айнала
Үнсіз күйін тартады үдеп.
Шығыстағы арай ғана
Бір үмітке артады иек.
Дәл осы сәт жырланады,
Жырлаған жан ұтады да...
Қызылқайың бір қарады
Ауырлаған бұтағына...

2

Кім жеңеді түнді мына,
Күйге еркіндік кім береді?
Тынды бұта сыбдыры да,
Қызылқайың үндемеді.
Түн не деген сыйқыр еді!
Кетті кенет жел де ыңырсып.
Оқ ысқырып, ит үреді...
Бала жылап, кемпір ұрсып...
Азан-қазан болды маңай,
керіскендер... сұрағандар...
Екі ішекті домбырадай
арба жолда жүр адамдар;
Іздейді олар «қылмыстыны»,
Күйші отырды күй ығында.
Жеңген жанның бір мысқылы
қалып қойды миығында.
Таппады олар, «қара басты»
Тінтсе де түнді кілең,
Кісен даусы араласты
жапырақтың сыбдырымен.
Тағдыр өзі шабыттанып
Күй бұғауын ағытты, әне.
Күйді қорғап қалды атырап,
Күй қорғады халық бағын.
Өз өлкесі – өлең төсі
Көңілге күй кұйып қойды...
Күрекеннің көлеңкесі
бірте-бірте биіктейді...

1963, 1982