Не көрсеттім мен саған,
Азапты ойдан өзге не?
Көріп едің, анажан, мен секілді «кезбеден».
Әр күн сайын басыңа бір уайым тосылды,
Әр түн сайын шашыңа бір уыс ақ қосылды.
Ұл тіледің құдайдан – алдың оны зорға, ана,
ар тіледің құдайдан – жоқпын арды қорлаған;
ақ тілеуің құдайдан – жалғыз мен ғой, балаң ғой,
бақ тіледің құдайдан – құдай оған сараң ғой;
көрмейтінін құдайдың – көріп қайтып шыдадың,
бермейтінін құдайдың– неге ғана сұрадың.

Қайран шешем, аяулы анам,
тісті едім мен – тұмша жапты.
Салмаса егер бұғау маған,
бұлқынбас ем мұнша қатты!

Қайғырма, ана, серттемін – бал берсе де айныман,
Күйім болар шерткенім – жан берсе де айныман.
Суық едім, жан ана,– тыншытпады күй деген,
туып едім далада – өсіп келем түрмеде;

бұлқынбасам қаттырақ – мүшем де ұйып барады,
ханға бермес қолымды – кісен қиып барады,
Жылау салса жаныма – торыққаны деп түсін,
бұғау салса қолыма – қорыққаны деп түсін!

1967