Дүние – менің тұрағым.
Дүниеде жалқы ұғымға орын жоқ:
Күн тұрса егер – көлеңке де тұрады.
Жақсы рольді жаман бұрсаң – сынады.
Жаман кезден жақсы досың шығады.
Жамандыққа үлгергенше қайғырып,
Жақсылығы жадыратты кеудені...
Жатқан кілең егіз ұғым, егіз ой,
Әрі-сәрі ғып бітірді ғой пендені.
Көлеңкеде қалса егер бір бетің,
Шуақ жақта – бір бетің.
Найза салсаң біреуге,
Біреулерге жасаған ол құрметің.
Қабат көрем жексұрын мен сұлуды –
Көңілім бейне – айна болып барады.
Біреулерге сыйға тартқан семсерім,
Біреулерді қан жоса ғып салады...
Жақсылыққа жұмсамақ ем бар күшті!
Алғыс етіп жібермек ем қарғысты!
Амал қанша, ұясынан кей қаздың
Жаман шірік сауысқан мен қарға ұшты.
Көңілім бар ақша бұлтқа ораған.
Қарамасаң қоңырқайлау өңіме,
Тағы біраз уақыт бер, о, маған!
Жамандығын көріп безген жеріме,
Жақсылығын көріп қайта оралам –
...Дүние – менің тұрағым.
1965