Жұлқынып шығып мұржадан барады маңып, паң қарап
Жап-жасыл түтін;
Қонды ол табанын сайдың таңдап ап.
Бүгін бір қонақ келер деп қабаққа анау ең биік
Ұмтылып шығып бір жаман атымен тұр ғой шал қарап.
Қажыдың, достым, білемін сенің атың сүріншек,
Табармыз тағы бір емін, сіріңке міне – шылым шек.
Құрт жайған сөре бұж-бұж боп, қоңырайып кепкен ет
мынау –
Уһ, дариға, күн барда бір қараға жеттік-ау!
Сарыжағал серке мүйізін сұрақ белгідей тұрды иіп,
Қос тентек лақ бір-бірін ала алмай жатыр тырбиып.
Қарала бұзау бас жібін шұбата қашып айнала,
Қарала бұқа шыңғыртып қара күшікті жүр қуып.
Мейлің ұял досыңнан, мейлің күйіп-піс мейлі –
Көк-шулан төбет ырсаңдап ат құйрығын тістейді.
Көрпесін қағып шешелер,
Әкетіп барад үйге қыз,
Күшіңіз болса «тағдыр-ау», бізді де солай сүйреңіз.
Келдік қой, достым, ауылға,
Атыңның басын ірке бер;
Анекдот түгел таусылды,
Тек шылым қалды бір шегер.
Көк түтін көлбеп барады жұлқынып шығып мұржадан,
Көреді күнін төрге тек ұмтылып шығып мұнда адам –
Қысылма, достым, бұра бер, қай үйге түсе қалсаң да
Атыңды сенің байлайтын бар шығар інің бір жаман?!
1965