Туған жердің ойпаңы не, өрі не,
Қос қарашық қараған соң құмартып.
Жалған айтып күлдіргеннен гөрі де,
Шынымды айтып жылатқаным – мың артық.
Жез жалтылдап еліктейді алтынға,
Саф алтынның салмағы бар дегенге.
Мынау жүрек ұрынса сол салқынға,
Жез секілді жеңілдейді денең де.
Саф алтынға еліктемек жоқ ойым,
Қолда барды жез болып-ақ төгейін.
Солқ еткізіп соғар күшің болмаса
Кімге керек сұңқылдаған көмейің?
Кімге керек ауырлығы алтынның,
Білмесең сен қандай қолмен өлшеуін.
Кімге керек аспандағы алтын күн
Жарығы мен жылуы жоқ болса оның!

1965