Жайдақ құмдар суырлып
Жалын сияқты ағатын.
Жалпылдаған туырлық –
Жапалақтың қанаты.
Шегірткелер тобы ұдай
Қып-қызыл боп қанаты,
Ақтікеннің шоғындай
Пышыр-пышыр жанады.
Шұбырады құлан-қыр,
Дөңнің беті тары нандай.
Түскен жері қыранның
Мамық жастық жарғандай.
Атшалман бар – қуа алсаң,
Күнге күйсең – өстіп күй.
Тоғай ғой деп қуанып
Жетіп келсең – бес түп ши.
Сұрғылт жылан, ол-дағы
Бұл жер үшін – жау жаман;
Түсіп қалған жолда бір
Дойыр қамшы аумаған,
Таңдай-таңдай құм ұйып,
Ат ізі – тамшы сияқты.
Күн тұрады жымиып
Қабығында қияқтың.
Ал, аспанның өзін мен
Жырлап мінсіз бола алман,
Ол бір – мөлдір сезім мен
Түпсіз жатқан мол арман.
1965