Мына алапты сең тоғытып бара ма,
Теңбіл, теңбіл, қара теңбіл, ақ теңбіл –
Көлеңкелер келед жөңкіп, қара ала
алашасы секілденіп әпкемнің.
Будақ-будақ қара шуда-көлеңке
Тамағыңды қытықтайды – сілкін қыр;
Бірі мынау дөң үстінен жөнелсе,
Бірі сонау сай табанын сүртіп жүр.
Бұлттар бірақ сонау биік тұр көкте,
Көлеңкесі жерді кезед дірдектеп.
 

Қаптайды кеп көлеңкелер топаны,–
Қырлар жатты қара маңдай, ақ маңдай.
Қара ала шыт келеді ағып, о тәңрі,
Бұталарға мизамдардан жіп керіп,
Бір станок мата тоқып жатқандай.
 

Ей, достарым, сезіне бер, сезіне,
Ештеңені бере алмаймын түйіп мен.
Сұрапыл ғой көлеңкенің өзі де
Түссе егер биіктен...

1965