Ақын жатыр табытында,
                                     қаралы
Жар егіліп, жұбатады ел оны.
Қазір, қазір... суық топырақ жабады,
Мынау сұлық денені.
Шықты біреу ауыр басып мінбеге,
(Сықырлады тақтай біткен сол күні)
Ол тамағын алды әуелі бір кенеп,
Көзін сүртті... алғашқы үн толқыны
Шөп басындай қозғады
Тұнып тұрған көп ойды...
Ытқыды сөз бір-бірінен озғалы
Керней ағып көмейді.
Сөздер – ыстық; өлік жатыр – салқын қан,
Цитат болып жарқылдады көп өлең.
О, адамдық, айналайын салтыңнан,
Өлгенді де демеген.
О, ғажайып!
Кенет ақын табыттан
атып тұрып сөз тастады шаңытқан:
«Ей, халайық, тыңда мені, тыңда әлі,
Көп болған жоқ мен көзімді жұмғалы;
Рас болса айтып тұрған сөздерің –
Мен енді осы... өлік емен, өзгемін.
Неге айтпадың, ағайын-ау, сөзді бұл,
Кетпей тұрған кездерімде көз нұрым.
Тірлігімде сөйлегенде осылай
Мұнша асығыс өлмес ем ғой, досым-ай.
Өздеріңе қиғаныммен өлеңді,
табытыңа қия алмаймын денемді –
Қалғым келед енді мәңгі тік тұрып,
ақындардың өлмейтінін ұқтырып», –
Деді де, ол тас мүсінге айналды,
Жанарында жібімеген ой қалды;
Ортасында қасірет пен бақыттың
Ол – өзіне ескерткіш боп қатып тұр.
 

Ал біреулер тас-мүсінді сол тұрған
бүріп алып жағасынан, алқымнан,
Әр түн сайын қараң-құраң – дүрбелең
Сол өлікті, қайтадан
табытына түсіре алмай жүр білем...


1965