Алатаудың шарқатынан
тарқатылған ақ бұлақ,
ат сүйреткен кендір арқан боп ағып
Шаңытады әр бұтаға қақтығып,
Әр бұтаның аяғына оралып.
Ақ қайыңдар дір-дір қағып, дір қағып,
Жіліншігін тұсау қаққан асаудай,
Өзі-өзінен ауырсынып тұрғаны
Жалғыз аттап баса алмай.
Тастар жатыр шекелері жылтырап,
жүргендеймін тайғанақтап, тайып мен.
Дөң үстінде бұрғы-құйын бұрқырап.
Жатыр сұлап көкшіл, жалпақ қайыс-бел...
Арқан-бұлақ жер өңдесе екен деп,
бұрғы-құйын тереңдесе екен деп;
тас пен жылу жақындаса екен деп,
Мен отырмын осы жерді мекендеп.
1965