Аяқ екеу,
Ақыл жалғыз,
қатем мың –
барлығын да өмірге өзім әкелдім.
Жігіт болдым.
Анам байғұс соған мәз,
шақ болғанға киімдері әкемнің.
Қайдан білсін, қайдан білсін ол менің
бар мәнімді мазасыздық жеңгенін.
Қайдан білсін бар екенін талай жыл
шыбыртқысын ұстау үшін Абайдың... 

* * * 

Екі бүйірім – егіз қынап секілді,
төрт жүзі бар екі қанжар мендегі
қырланады қырсыққан бір шағымда
сегіз бөліп кетемін деп кеудені.
Сол бір қырдан ұшқын алам жарқылдап:
Бір қанжарды жауыңа арна деседі.
Тайсам егер елге берген антымнан
Бірі менің өз басымды кеседі.

* * *

Мен үш-ақ күн өмір сүрдім туғалы:
дүниеге келген күнім – бір күнім,
Ең үлкен қол – заман қолы – алды жерден
көтеріп,
планетаның ең кішкене тұрғынын.
Екінші күн – ең жаныма жақыны –
мас қылған күн махаббаттың шарабы.
Үшінші күн – сол бір махаббаттың да
суыйтынын ұққан күнім болады.

* * * 

Сағат байғұс тұра алмайды бір үнсіз,
тық-тық етіп минөттерін санайды.
Әркім өзі болса қанша тынымсыз,
өзгенің де тыншымауын қалайды.
Ал, мен кейде үн шығармай қаламын,
жалығады жанбасым да төсектен.
Сонда ғана... сағатымды аяймын
санатуға уақытымды бос өткен.

* * *

Қос қанатын қиып алып байғыздың
қырандарға берсек егер ұялмай,
қыран болып сілтер қыран бәрі бір
байғыздың да қанатын.
Топшы керек қанатты да қағатын,
жаман аты – сол баяғы бір жаман.
Қыран қанатын беріп еді байғызға –
қонды ол барып бәрібір сол мұржаға.

* * *

Үміт, күдік – екі төбет екеуі,
менің кеудем екеуінің мекені.
Бірін қусам қайратыммен қорқытып,
Бірі менен өз еркімен кетеді.
Бірі баян таппайды екен бірінсіз,
бір орынға тағы екеуі сыймайды.
Екі төбет ортасында бір кесек ет – жүрегім,
Күні-түні жұлқылайды, қинайды. 

* * *

Мен егерде бақыт болсам,
ең әуелі қадірлер ем өзімді.
Бір күн ұшып, бір күн қонып жүрмес ем,
Содан кейін... сыйлар едім сезімді.
Іздер едім дүниедегі ең «сорлыны»,
жұрттын, бәрін таң қылып.
Таңдап-таңдап бір-ақ рет қонар ем,
және сонда қалар едім мәңгілік.

* * *

Мен көлденең тұрар едім тас болсам,
ауыздарға өсек-ғайбат түтеген.
Мен бір тамшы жас болсам,
сұлулардың кірпігіне бітер ем.
Сия болсам сөйлемдердің соңына
Тамар едім нүкте боп...
Ал, егерде бас болсам
Ақымаққа қояр едім бітпей-ақ.

* * *

Алтын деген шыдамды ғой шындықтың дәл
біреу іздеп тапқанынша – жатады.
Дүниені кезіп бірақ жүреді
Алтын деген атағы.
Алтын деген атағы да іреңді.
Кім иелік жасай алар даңққа!
Сол секілді дананың да аты кезіп жүр елді,
өзі бірақ жатады ылғи табытта.

* * *

Теңіз болса сұлулық
кемесіз-ақ жүзер едік біз
онда:
қорқақтық та құбылар ед бояу боп,
поэзияға айналар ед азаң да.
Теңіз болса сұлулық
болса-дағы қаншама мол, қанша көп,
сұлулыққа құмартқан көз-оймақпен
әлдеқашан құйып алып таусар ек.

* * *

Ешбір көзді, қарын, қанағатты да
тойдыра алмас менің кисель-сөздерім,
Қанатымның қауырсыны қатты ма –
ұшқанымның өзін кейде сезбедім.
Қазіргі адам қанағаты – көзінде,
тою деген қасірет емес, қой әрі.
Тоймаса да жіті болсын көз бізде,
ал, қарындар – кисельге де тояды.

* * *

Қызғануды ұқпаушы едім бұрын мен,
көрші қызды қызғанбаса болмады.
Екі іштектей қатар түскен бұрыммен
менің сезім-саусақтарым ойнады.
Мен қызғансам көршіні, мені қызғанды әйелім –
қос күйікті көтеріп жүр бой әрең.
Егер менің қызғанышым – ит болса,
Екі есікті күзеттіріп қояр ем.

* * *

Көкірегімде бір сыбыр бар, дүбір бар,
Сайысады сабырлы ақыл ашумен;
Сезім мен сыр, қәне, сыртқа шығыңдар, –
Сендерге ие бола алмаспын асыл мен.
Ақыл, ашу айтысы –
Біреуін де қолдамаймын тегі мен:
Екеуінің жеңсе-дағы қайсысы
Бәрібір – мен жеңілем.

* * *

Наполеон етігінің сыңары
«Ұмыт қалған» орыстың орманында.
Келмеген соң өзі іздеп
Гитлерге табыс еттік оны да.
Сол күн жәйлі естеліктің өзі де
Сары тарих, сарғайған құр сүгірет.
Енді біздің бұл өлкеде ешкімнің
«Ұмыт қалған» түгі жоқ. 

* * *

Жақсы ағалар бата берген ақ жанмен
жарқ етпей бір қалам ба?
Жақсылықты көру үшін жердегі,
Жақсы болу керек екен маған да.
Жақсылықты тауса алмайды өлім де,
Жан емеспін мен өлі.
Жамандықты көзім көрген сайын мен
жақсылықтан үш айналғым келеді.

* * *

Сұлулықтың құлпырады бояуы,
Қандай бояу? – сезеді оны жүрегім.
Қызыл, көк деп түстей алман өзім де,
Тек әйтеуір сұлу екенін білемін.
Сұлулықтан қанша рахат табасың,
күйші соны қанша шебер жырлайды.
Соның бәрі... әппақ жұмыр білекті
бір-ақ рет ұстағанға тұрмайды.

1963, 1982