Көңіл шалқып кеткен шақта көкжиекке
қараймын:
батып жатыр, шығып жатыр талай күн.
Бір қуаныш болып тұрса – жарайды
он бесінде әр айдың.
Жалақы алар күні сын-ды жарлының
бір үмітпен өтіп жатыр бар күнім.
Ал, кей күнім түңілдіріп кетеді,
қара жерге үңілдіріп кетеді.
Бір күн кетсе, бір күн жолда келеді
бірақ бәрі тірлік нұрын себеді:
қайнай-қайнай сірі болдым әйтеуір,
ойлай-ойлай тірі болдым әйтеуір.
Болды күнім ашу менен ыза алған,
қара бұлттың қабағынан қызарған.
Бір күн мені қартайтты деп айта алам,
Бір күн мені сәби қылды қайтадан.
Бір күн маған ұсынып ед қоңыр нан,
Бір күн оны қағып кетті қолымнан.
Бір күн маған құшақтатты қыр гүлін...
бәрін қоссаң – шықты менің тірлігім!
Жаңа күннен не түсінер екем деп,
көкірегімді бір ыстық ой мекендеп,
көтерілем күнмен бірге тепеңдеп,
көкжиекке күнмен бірге жетем деп....
Бірақ... бірақ келер күндер көп еді –
бәрін де өзім қарсылағым келеді.
Кеткен күнмен қоштасамын қия алмай,
Келер күнді көру үшін ұялмай.

1963, 1982