(Цикл)
1. Шегелер
Еңбек!
Әр күн сайын қағылады мың шегең,
мың шегеде – бір балғаның салмағы.
Мен де өзімше бір балуан, бір шебер,
әкел, бермен дос тонналық балғаны!
Әр секунтке ұстаттық қой бір балға,
Қағылады, кағылад шеге көп.
Балға даусы естіледі жырдан да,
Жүрміз бірақ неменені шегелеп?
Шеге, шеге!
Жұрт не десе – о десін,
Сөз – жүйесін, өз иесін табады із.
Өткен күннің суырып ап шегесін
келер күннің тақасына қағамыз.
Маңдайшада, қабырғада – шегелер,
тағаларда, табандарда – шегелер.
Шегелерге шеге ғана теңелер,
не құдірет бар шегелерге теңелер?!
Дүниедегі серт пен сенім бар жүгін
Шегелерге артар едім – не керек,
Дуалының тілі болсам бір ерек:
дүниедегі мықтылықтың барлығын
айтар едім, атар едім шеге деп!
2. Сымдар
Аспан тұрды айналаны тұйықтап,
жалт қарадым – тоқтадым,
жалап-жалап жаһанамның оттарын
Үндемейді жел де тілі күйіп қап.
Айналада – ауада бір діріл бар,
Тыңда, тыңда... бағаналар, тұрыңдар.
Әппақ, әппақ құлақшалар түрілген
үн аулайды ауадағы дірілден.
Үн аулайды, жата алмайды о да жәй,
Үн оянса – барлық құлақ қомағай.
Асайды олар бар дыбысты күн-түні,
құлақтың да бар өзінше құлқыны.
Бұл дүниенің ол шетінде жатып ап
Не дейді анау ағылшындық ақымақ?...
Торғай ұшса селк етеді жапырақ,
Сымдар жатыр соның бәрін бақылап.
Сымдар жатыр, сымдар жатыр
гитарлардың ішегіндей шіренген,
Ыстық демді бір ел тартты бір елден.
Тебінгідей құлағымды түрем мен,
сымдар жатыр, сымдар жатыр шіренген.
3. Күндер
...Лақылдатып төкті бұлақ көбігін
шалқақ жатқан жағасына уақыттың.
Уақыт, уақыт! Басқа сыймас көп ұғым,
уақыт сыйды құшағына Уақыттың.
Еркелеймін басқаға емес, Мезгілге,
Еркелеуді ұнатам мен кәірге.
Уақытпен салыстырсаң жас мүлде
Күн де, Жер де, Құдайлар да – бәрі де,
Күн шуағын толтырып ап көздерге
Күллі әлемнің қойны-қоншын кезгенде,
оттан қорқып сол көздерден таралған
қашар еді көлеңкенің бәрі алдан.
Көлеңкені жеңдіріп күншуаққа,
Қандай ғажап жетіп жатсаң мұратқа.
* * *
Ей, күншуақ, құйыла бер жерге осы,
Ей, күншуақ – дүниенің зердесі.
Шуақ болып жарқырашы, алғы күн,
Не берсең де – көлеңкелеп бермеші.
Ей, күншуақ! Бердік саған Ана атын,
болашаққа бізден бұрын баратын.
Самғай берші, ақ самұрық, ақ шуақ,
Батыс, шығыс – сенің екі қанатың.
Сараңдықты алады екен кім қалап!
Аспан жомарт, туады күн іңгәлап.
Ей, адамдар, тозбасыншы өмірің,
Көкжиекті тоздырғанша күн қажап!...
4. Монологтар
Пәк сезімдер – қанмен бірге тамырларға таралған,
бұл жүректе болмас тамшы арам қан.
Мен – пәктіктен,
пәктік менен жаралған,
қос тамырмыз, бір топырақтан нәр алған.
Сондықтан да, сондықтан да, жер, сенен.
фонтандай боп атып шыққан тентек ем...
О, туған жер, қасиетті топырақ,
жапырақтарың кеудемде тұр қалтырап.
Күзгі күннің қабағы боп шытынам,
жазғы күннің жанары боп жарқырап.
Күрек ұстап үйренсе де қол мына,
жат болмады мылтық пенен домбыра.
Кейбір күндер тастап жатса мол мұра,
кейбір күндер күл тастапты орнына.
Жаңа үмітпен нұрланды қыр, атып таң,
күнді күтпен төсегімде жатып паң.
Ұяламын ұйқым үшін уақыттан,
Қырсық жасап алмайын деп Бақыттан.
5. Толқындар
Жартас тұрды жағалауда тістеніп,
Қорланады ол – еркелесе толқындар.
Ерке-толқын шапшыды да түсті өліп...
жартас тұрды баяғыша тістеніп.
Сол жартасқа кейде қатты сүрінді
менің ерке толқындарым бүгінгі.
Жаңғырықтар жүзге бөліп бір үнді,
сексен саққа жүгіртеді жырымды.
Күндер туды көкейі ырыс, сырты Бақ,
күн көзінде бір жылу тұр жылтырақ.
Кеуде толы ой келеді шымырлап,
Көше толы күй келеді бұрқырап,
О, дариға, үмітімді үзбе, күн,
үмітім сол – басылмаған іздерім.
Соған шейін көрмесін деп мені ешкім,
Өз ойыммен өзім ғана боп өстім.
Кей көңілді өзім күліп жылаттым.
...Күндер шіркін қағып алып денемді
Толқынына мінгізеді үміттің...
6. Ойлар
Айтыңдаршы, бұл қай заман, бұл қай күн?
Күй орнына мотор үнін тыңдаймын.
Бірақ сылқып көсіледі түнгі айдын.
Айтыңдаршы, бұл қай заман, бұл қай күн!
Ракеталар шықты кенет көкке ырғып,
содан шығар кетті өзгеріп көп тірлік.
Қара бағдар білезіктей Ай төсін,
Сипап көрген саусақтарды қайтесің!
Түн түнеріп жата алмады жәй шыдап,
Прожекторлар қиған кезде қайшылап.
Білдім, білдім алғы күнде кім барын
Қозғап көріп электрдің сымдарын.
Сол сымдардай тартылып тұр тамырлар,
көтеріп тұр бір электр сым бәрін.
Жүз кнопка – жүз бармақтың астында,
сымдар ұқсас күре тамыр-тасқынға...
Сенем: қолдар кнопканы тастар деп,
Сенем: қолдың ар жағында Бас бар деп.
Бір жағымда қауіп-қатер жүр бұғып,
Бір жағымда қос сәбиім тұр күліп;
Соның бәрін бір құлақпен тыңдаймын,
Айтыңдаршы, бұл қай заман, бұл қай күн!
7. Ойындар
О, балалық, сен не деген бақытты ең –
Қармайсың бармақтардың астына,
Бір жымисаң жібітесің тасты да,
О, балалық, сен не деген бақытты ең!
...Жер-әлемге жайып тастап шуақты,
бір алтын шар көтерілді күн атты.
Әйнектерде сәулесі тұр дірілдеп,
дірілдейді менің атым, «бүгін» деп.
Ұқсаң еді аптығымды сен менің –
бүгін, бүгін, кеше неге келмедің?!...
Балалар да оянды, әне, төсекте
жатыр «күшік», «қояндар» да, «есек» те.
Көктемеде төлдеп бәрі «өсед» деп,
тұрды бір саусағымен есептеп.
Содан кейін басталды ойын, кетті олар
әппақ нанмен бірін-бірі кесектеп.
Ракеталар, самолеттер, көп анда,
бірі қонып, бірі ұшады табанда,
Шабуылды бастады әне, бір «батыр»
конфеттерден қаланған бір қамалға.
Көк шыбықты мінбейді олар ат қылып.
Ойнайды тек «ракетаны» лақтырып.
Содан кейін жалықтырып бұл да оны,
Қулық ойлар құрбысына күлгелі.
Енді бір сәт: күй тыңдаймын, күй дейді,
«Аққу көлі» балетіне билейді.
Шаңның өзі күн алдында алтын шаң,
....Ей, нәресте, күнге талпын – талпынсаң!
Сыңғырлайды күміс жапырақ, салқын бақ,
Самал есті ақ әжедей аңқылдап.
Самал-әже асығады әрдәйім,
Нәрестенің сүю үшін маңдайын.
О, балалық, сен не деген бақытты ең!
Күндемеймін, күндемеймін, қарағым,
Сендер жәйлі жазылған жыр парағын.
О, балалық, сен не деген бақытты ең!
...Кеуделерде тұтанса ойлар күркіреп,
Соның бәрі бір үміт пен бір тілек:
Балалардың ойыншығымен қолдағы
үлкендер де ойнамаса болғаны!
8. Өзгерістер
Кеше атқан таң бүгін де атып келеді,
кешегі аспан бүгін де үстен төнеді.
Ауыр ма еді кешегі артқан жүгім де?
Бүгіннің де өз жүгі бар – түңілме.
Кешегіден бүгін артық... болса олай
күн кешеміз біз қалай ертеңгіні аңсамай
Қандай ғажап өзгергенім!..
Кеше түн
балшық көше етік киіп кешетін
бүгін көрсең... қалай-қалай төселген!
...Осындайды көрген сайын өсем мен.
Мына бір жер кеше ғана сай еді,
Бүгін, міне, көршінің жас әйелі
келе жатыр баспалдақпен жоғары –
сайға атылған кесек те өрге домаланады.
Кеше ғана... кеше бұл үй жоқ еді,
Бүгін ол да мың көзімен көреді
бір шындықты – бар екенін өзінің.
Бүгінгі күн – жоқ болудың өзі мін!
Шымырлайды мұхит-аспан тереңі,
әрбір мұржа өз түтінін өреді...
Алатаудың көне бұлтын жыртып ап,
ала бұлақ келе жатыр бұрқырап.
Таңғы шықтан еткен ызғар табанға
бір сергектік беріп тұрды маған да.
Осы кезде төсекте едім мен кеше,
кешегіден ерте тұрдым ендеше....
1963, 1982