Өмір, өмір, өмір деген – бір ғажайып бәйтерек,
Бәйтерекке түн де керек, күн де керек, ай керек.
Сол теректі паналаған балапансың сары ауыз,
Сол теректе өткен тірлік – әрі шындық, әрі аңыз.
Сол Теректің күн жағында – көктеменің шуағы,
Сол теректің көлеңкесі – қарлы боран қояды,
Сол теректің бір басына екі тағдыр ұялап,
Екі тағдыр – мәңгі-бақи адалдық пен қиянат.
Өмір, өмір, өмір деген – толқып жатқан көк теңіз,
Мөлдір теңіз ылайланар – күл әкеліп төкпеңіз!
Тулайды ол, шулайды ол долы кеуде қара көк,
Аспан ғана қылды иелік сол теңізге жаға боп.
Сол теңізде аушылық қып адамдық пен пенделік,
Сол теңізден алып жатыр несібесін тең бөліп.
Ал, егерде ұрлық етсең бір басыңды қайғылап,
Көп ұзамай көрінесің: қайық– қара, айдын – ақ.
Сол теңізге келем мен де ақылымды сүңгітіп,
Сүңгимін де қайта шығам, қайта шығам су жұтып.
Өмір, өмір, өмір деген – жолаушы ғой шаналы,
Өтер әлі-ақ үлпек қарда ізі ғана қалады.
Күндер өтер, айлар өтер, өшер әлгі із жуылып,
Сонда шындап қарайсың ғой өткеніңе үңіліп.
Өмір, өмір, біздің өмір, біздің өмір – керемет!
Өмір, өмір маған қайғы, маған шаттық бере кет.
Әкел, өмір, бәрін әкел! Тойсын мына көз, көңіл,
Бәрі – бақыт, қасың күліп, дос жылаудан өзгенің!
1961