Менікі ғой, менікі ғой бұл аспан,
Көкжиегі келешекпен ұласқан.
Мына жаздың қызғалдағы – үмітім,
Ұлы жердің кеудесінде гүл ашқан.
Шың басына тұрсын мейлі қар құйып,
Дүниеде нелер биік – Ар биік.
Көк жалғызы – ай да менің арманым,
Арманым ғой әлемдегі бар биік.
Арман, арман! Ол да мендік, өзімдік,
Көтерейін, кетерейін төзім ғып.
Күн шыққанда – Күншығыс боп оянып,
Күн батқанда – Күнбатыс боп көз ілдік.
Көк жүзіне адам ізін салды, әне,
Менікі ғой жақсы күндер алдағы.
Жақсылықтың бәрі... бәрі – меншігім,
Менікі емес, менікі емес қалғаны!
1961