Дамылда, жыр, дамылда!
Сондағы мұңды аймақта,
Қараған бұлттар дауылға
Қуасың деп қай жаққа.
Қанды көз тағдыр – бір құнсыз
Хандардың махаббаты ғой.
Замана-түнек тұрды үнсіз,
Жер жастанды ақыл-ой.
Боталар боздап түзде өліп,
Тапталды жауға жаралы ер.
Қаһарлар қатты мұз болып,
Қарманып жатты қара жер.
Мақтанып айтпас жыр несін?–
Жаңаның толқынды айбары,
Ескінің мұзды іргесін
Сең қылып бұзды, айдады.
Соқты ғой сонда бір дауыл,
Салмақтар кетті азайып.
Қақты ғой сонда жыр дабыл,
О, ғажайып, ғажайып!..
Шамданған жерден шаң шығып,
Шашты бұлттар пұшпағын.
Найзағайды қамшы ғып
Айдады ақын дұшпанын.
«Ереуіл атқа» белдеме
Батырдың махаббаты ғой.
Нарында – үлкен кеуде де
Көтерді басын ақыл-ой...
1961