Ақ деген не?
Қиянаттан, тепкіден
аман шыққан Ардың түсі деп білем.
Сәл кірлесе күймен жуып жанымды,
Алатауға – шыңға жайып кептірем –
ақ бұлт құсап желбіресе сонда әлгі,
жүрек аунап, жауар бұлттай толғанды.
Дария Сырда қамыс шулап,
Жайықта
аққу-толқын қанаттарын қомданды.
Ерді асырап Ар, адалдық атағы
ақ дүние мәз-мейрам боп жатады.
Ақ дастархан,
ақ жаға,
ақ көңілдің
тек оп-оңай кірлейтіні – батады.
...Бір ақсақал ақ бата айтып қол жайды,
ақ батаны жолдас еттім жолға әйгі.
Ақ көңіл деп мадақтадым досымды,
өйткені өзім ақ ойладым ол жайлы.
Ақ тілеуім – ақ дастархан боп шығып,
ақ нан ұстап келді маған тоқшылық.
Жырым – аппақ,
жырды жазар парақ та ақ,
көлеңкең де кейде ақ сынды... бәрі аппақ.
Аспан аппақ, ақ бұлттарын жинады,
ақ шыңдарға аппақ жаңбыр құйды, әне.
Ақ нәрсенің бәрі әдемі,
мені осы
ақтай қалған қағаз ғана қинады.
1978, 1982