Не бір еппен, алған жақсы, не бетпен –
сөйлейінші тамағымды кенеп мен:
эпос ері тірілді де кенеттен,
сұр жебелі қарт садағын қолға алды.

Намыстан-ақ өліп-өліп болған-ды,
қыран құсап алыс қарап қомданды,
адырнасын шірей тартып толғанды –
мықты жауын жайратуға ниет қылды.

Дұшпан қаптап кеткен шығар деп түрлі,
Ұлытаудың ұшарына кеп тұрды.
Оқтың ұшын Күнге созып кептірді
Сонсоң тартып жіберді сұр жебені.

Бұл кездің де ең жүйрігі – оқ еді,
жебе ысқырып ұшып ала жөнеді,
жолдағыға қатер-қауіп төгеді –
құстар ұшты, тоғайлардан аң қашты.

Тау мен дала, теңіз бен шөл алмасты –
бәрінен де өтті жебе, алға асты,
оқ екпіні зілзалаға жалғасты...
уа, қалтыра, қалтыраңдар, дұшпандар!

Айла-ақылы адамзаттан күшті аңдар,
зауал туса оқтан жылдам ұшқандар!
ал, ұстаңдар, тағдыр оғын ұстаңдар!
Күн астында жебе сарнап ұшыпты.

Екпінімен желдің өзін ысытты.
Ер атқан оқ қашан жерге түсіпті –
тауыпты ақыр... бір бұралқы күшікті...

Бітті білем бұл тақырып, ал, аға,
сөзімді ұқсаң – бір жымиып бағала.
Алтай аңырап атсаң-дағы далаға
итке тиген оқтарыңды санама!

1978