Бір қария төмендеп тоқсанды өтті,
қан шықпайтын секілді соқсаң бетті:
өңі құп-қу,
қураған шашы да аппақ,
бірақ ол да бір сәуле шашыратпақ.

Әттең, семген құр сүйек, құр сүлдері,
кейін кеткен аяғы – жүрсе ілгері.
Ілініп жүр тарамыс таяққа әлгі,
таяп қалды-ау көкжиек, таяп қалды.

– Ғұмыр берсе Тәңірі жүзін бұзып
несі таңсық, кеткен соң қызу, қызық?!
Тірлік берші, Табиғат, бейілді ана,
бет қызылы біткенге дейін ғана...

Саясаттан,
құдайдан,
діннен бөлек
барып қалды батуға Күн дөңгелеп,
Жалқын нұрын жаһанға құяды әлі –
қызарады, несіне ұялады?

Ұят па, әлде, қайғы ма, ыза ма әрі –
қызарады Күн байғұс, қызарады.
Бір өкініш еткендей өртенеді, –
батуға әлде бұл Күнге ерте ме еді?!

Өкінейін,
қайғы артып, ыза алайын,
өшерде де бір мықтап қызарайын.
Мен де жанып батуды қатты аңсайым,
әрбір күнім алаулап батқан сайын.

1978