Сыңсып иіп бұйра алқап, бір ырғалып
сыбырлады,
біз дағы сыбырладық –
жақын келші.
Жатқандай дала кейіп
мұрттарымен бидайдың жыбыр қағып.
Қос боз торғай бір-бірін қиып, іліп
көкте ойнайды.
Не керек бұйығылық –
батыл келші.
Торғайлар кетті аспандап
лақтырылған тиындай шиырылтып.
Сары толқын ұмтылды жүгіргелі...
«Айдалада не керек сыбыр!» – деді.
«Сыбыр тәтті болады, – деді жыршы, –
сыбыр – сыр ғой жүректің түбіндегі».
Сыбырлайды сары дала,
сары, сары
толқын ауыр бүктеліп жарысады.
Тозаңы боп алқаптың ұшар дәурен,
шыбын-жаның да ұшады – бәрі ұшады.
Сыбырлайды төңірек, сыбырлайды,
көңіл желі әр шиді бір ырғайды.
Көк аспанда қос торғай шырылдайды,
шырылдайды, бір-бірін ұғынбайды.
Құр сыбдырмен мына алқап құтылмақ-ты –
құйын жүрді, кенет, шаң-түтін жапты.
Сыңғырады қос торғай күміс құсап,
ал, төменде қос жүрек лықыл қақты...
1978