Қиял
1
Кәдімгі түн, бейжай аспан тұп-тұнық,
салмайды еске өтелмеген парызды.
Ерлер бірақ әрі қайсар, әрі ізгі,
таныштыққа сенбейтұғын тәрізді.
Әй, жасай бер, айналайын мықтылық!
Қалың тоғай ішіндегі сұқпатқа
бұрыштардан, подвалдардан шықты аттап
көлеңкелер. Барады, әне, бұқпақтап.
2
Осы түнді күзетті Емен тік тұрып,
еменнен де қайсар сақшы тұр тағы.
Қараң-құраң көлеңке боп жұрт әлі
орманға өтер жолдың басын қырқады.
Мына түннің мән-маңызын ұқтырып
тынған сәтте алыстағы күй үні,
шықты біреу: «бүгінгі сөз түйіні –
ашық,– деді ол, көлеңкелер жиыны».
3
Жаса, жаса, Бостандық пен мықтылық!
Тау мен қия қайталады осы үнді.
Ана сайдан қос көлеңке қосылды.
мына сайдан бес көлеңке қосылды.
Қала жақтан сирень біткен шықты ұлып,
ал, қара орман судырайды жай ғана –
Әр бұтаққа күміс іліп қойған, ә?
...Ей, тақтылар, орманыңмен ойнама!
4
Уақыт тұр уақытқа ұттырып,
Ашылатын ер қайраты, ер ебі.
минут – адым, сағат аттап келеді,
ал, ну орман қарауыта береді.
Желдің өзін мысы басып, ықтырып
келеді үдеп тау мен орман атағы.
Бас қалаға түсі суық, жат әрі
қалың шуыл кіріп келе жатады.
5
Әй, жасай бер, Батырлық пен мықтылық!
Чили-тауды тас түйілген қабағы,
Сантьяго деген әсем қаланы
Чили-орман қаусырып кеп алады.
Таң бозарып атқанда көп күттіріп
Бас почтаның бір бұрқ етті шатыры,
Бас қара ту бір желп етті;
ақыры...
бітті осымен Хунта деген тақырып.
1978