Анам мені тәй тұрғызып о баста
сүйеп еді жуан баған-ағашқа.
Сонсоң сырттай бақылады, кетпеді,
қыпың қақты «құлап қалар» деп мені.

Бір алаяқ үй тұрғызды – еп қылды,
еп қылды ол – қолын жуып кептірді.
О да алыстан бақылады,
көкейі:
«мен кеткенше құламаса!...» – деп тұрды.

Осы екі жай көкірегімде жүрді ұдай –
бірде бұлай, еске ап жүрдім, бір бұлай.
Біреу епке, біреу көпке сүйеніп,
қаз-қаз тұрып, тәй-тәй басқан тірлік-ай!

Қаз тұрғызып жыр ұшырдым,
не терлеп
Қара сөзбен жан қинадым бекер көп.
Кітап сайын қыпың қақтым мен-дағы
«қайтер екен, құлап түсер ме екен» – деп.

Тірілте алам сөздің өзін ең өлі,
түстің өзі сөз боп ылғи енеді.
Мезгіл-анам бақылап тұр мені әлі,
баған-елім әлі сүйеп келеді.

1978