Жан бір – бөлме, көңіл есік – қағып кір,
Сыр баспалдақ – көтерілсең жоғары.
Ақыл байғұс босағасын бағып тұр,
екі көзім – қос терезе болады.
Тағдыр маған өмір берді аямай,
сенім-шамын қоям ылғи бұқтырып.
Қорықпаңдар, бір бөлмеде аядай
мен бәріңді күте аламын тік тұрып.
Бұған шейін келмесең сен – келме енді,
Кеш қалдық қой, үлгірмеспіз сырды ашып.
Онсыз-дағы бір бөлмелі кеудемді
кеп ойлардың ақ түтіні тұр басып.
Тек есіктен енгендерді сүйемін,
тәтті сезім шарабынан ұрттатам.
Ал, әйнектен түсе қалсаң біреуің,
Сол әйнектен тас кесекше сыртқа атам.
Жо, жоқ кешір! Кешірмесең – сол керек,
кім келмесе – күтем соны құнығып.
Қараймын кеп, дүниеге дөңгелек
төрт бұрышты терезедей үңіліп.
Жалғыз бөлме болса да,
сол бөлме егер көзіңді алса – көре бер.
Тізеңді бүк, неғып тұрсың соншама,
босаға бар, қашық болса төр егер...

1965