Отырғам жоқ ұнатқаннан жыр етіп, –
Соғыс деген неткен жайсыз сөз еді!
Сол соғыстың жоғалмайтын суреті –
Кәрі ананың тілім-тілім өзегі.
Соғыс деген жарды жалғыз түнеткен
Жетім төсек – жеті қабат Жан мұңы.
Соғыс деген сырқыраған сүйек пен
Денеңдегі осколканың қалдығы.
Соғыс деген самайлардың ағы мен
Үзім нанды арман еткен бала ойы.
Қалып еді, қалып еді тағы нең,
Айтпағанда тізелердің жамауын?
Ей, қаламдар! – Оқымасын жат хабар, –
Жазбаңдаршы соғыс деген сөзді осы.
Сүртіңдерші аппақ, адал мақталар
Сол соғыстың жеңісінен өзгесін!
1965